Ақтауда көтерме-тарату орталығының құрылысы қарқын алды

622

Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жеке инвестор қаражатына салынып жатқан нысанның 30 пайызы аяқталды. Жобаға салынған инвестиция құны 1,5 млрд теңгені құрайды. 

Ақтауда көтерме-тарату орталығының құрылысы қарқын алды

Орталық іске қосылғанда 80% өнім сырттан тасымалданатын өңірде азық-түлік тапшылығы болмайды әрі бағаның шарықтауына тоқтам болады деген жоспар бар.  

Қазіргі таңда 2 мың шаршы метр аумаққа павильондар салынып жатыр. Онда шаруалар өз өнімдерін делдалсыз және жалға алу төлемін жасамай-ақ сата алады. Бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді.

"Құрылыс жоба бойынша кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазір жұмыстың үштен бірі бітті. Жобада жеміс-жидек, көкөніс және құрғақ тамақ өнімдерін сақтайтын қойма болады. Сонымен қатар мультикамералы тоңазытқыштар қарастырылған. Жобаның көздеген мақсаты – мейрамханалар, азық-түлік дүкендері, басқа да бизнес субъектілерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қала тұрғындарына ешқандай делдалсыз, нарықтағы бағадан төмен азық-түлік алуына жағдай жасау", – деді мердігер Бекзат Жеткізгенов.

Сауда алаңы және қойма көлемі 40 000 шаршы метр болады. Көтерме-тарату орталығы 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу