Ақтауда күннің қатты ысуы ауыз су мәселесіне қалай әсер етуде?

235

Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр.

Ақтауда күннің қатты ысуы ауыз су мәселесіне қалай әсер етуде? Фото: Pixabay.com

Қазіргі таңда өндірістік қуаты 52 000 текше метр болатын "МАЭК" ЖШС тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндіреді. Ауыз су өндірісінің төмендеуіне күннің күрт ысуы мен тұшытатын теңіз суы температурасының күрт жоғарлауы әсер етуде, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады. Сондықтан әкімдік кесте бойынша желілердегі су қысымын төмендету туралы шешім қабылдады. Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара, - деді "МАЭК" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушинов.

Ыстық ауа-райы ауыз суды тұтынудың артуына да әсер етті. Орталық сумен жабдықтау желілерінде ауыз су деңгейін тұрақтандыру мақсатында қаланың барлық көлік жуу орталықтарының жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Айта кетейік, Ақтауда 72 көлік жуу орталығы тіркелген.

Жақында өткен ауыз су мәселесін реттеуге қатысты жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған жобаларды аяқтауды жеделдетуді тапсырды. Тамыз айына қарай екі жобаны аяқтау жоспарлануда.

Мәселен, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метрге дейін ұлғайту" жобасы бітуге жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді. Тамыз айында өңір тұрғындарына ауыз су беру басталады.

Сондай-ақ, "МАЭК" ЖШС "ОСЖТ-2"(екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар пайдалануға берілді. Алдағы күндері қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 мың текше метр ауыз су беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу