Ақтауда мектеп формасының құны 25-30%-ға қымбаттады

653

Кеңсе тауарларының бағасы 40-50%-ға дейін өскен.

Ақтауда мектеп формасының құны 25-30%-ға қымбаттады

Жаңа оқу жылының қарбаласымен жүрген ата-аналар қымбатшылықтың қамытын киді. Қауырт шақта алыпсатарлар да мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын бірден шарықтатып жіберді. Оқушы киімдері биыл өткен жылмен салыстырғанда 25-30%-ға дейін қымбаттаған. Бұл жағдай көп балалы ата-аналардың қалтасын қағып тұр.

"Биыл бәрі қымбат. 4 баланы киіндіруім керек еді. Бүгін әкелген ақшам тек құрал-жабдықтарға жетті. Киімнің бағасы ұшынып тұр. Өздерімізде киім тігетін цехтарға мектеп формасын тігуді міндеттеу керек. Қытай, қырғыз елдерінің сапасыз киімін алуға тура келеді", – дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Раиса Қармысова.

Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды Қырғызстан, Қытай, Түркиядан алдыратын олар мектеп формаларының көтерме бағасының өзі қалтаға ауыр тиеді дейді. Қазір базарда белдемшенің құны 5 мың мен 12 мың теңге аралығында, ақ көйлек 8 500 теңгеден 16 мың теңгеге дейін барады. Шалбардың арзаны 4 мыңға бағаланса, сапасы жақсысы 12 мыңнан асып жығылады. Қыздардың сарафан көйлектерінің сапалысы 22 мың теңге, ер балалардың костюмі 25 мың теңге бағаланып отыр.

"Бізге келетін бағасы қымбат болып тұр. Мысалы, сарафанды 7 500 теңгеден аламыз, 12 мың теңгеге сатып отырмыз. Бізде кеден салығы қымбат, Түркиядан келетін заттың кг 3,5-4 мың төлейміз. Пекиннен келетін тауардың өзіне 150-200 теңге төлейміз келісіне. Көпшілік сатып алушылар жақсы нәрсе алғысы келеді. Бірақ биыл тауар қымбат", – дейді сатушылар.

Мектепке қажетті құрал-жабдықтар, яғни кеңсе тауарларының бағасы да көңіл көншітпейді. Олардың құны 40-50%-ға дейін өскен. Мәселен, оқушыға қажетті 12 беттік дәптер бағасы 50 теңге тұрады. Ал қалың дәптерлер 300-700 теңге. Саудагерлер Ресейден келетін тауарлардың бағасы бірден 2-3 есеге қымбаттағанын айтады.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу