Ақтауда нан бағасы бір күн ішінде 20 теңгеге қымбаттады. Бағаның күрт өсуі барлық шағын азық-түлік дүкендерінде байқалады.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік басқармасының нақтылауынша, үш ірі нан зауыты мен 43 наубайхана негізгі шикізаттың 40%-ға қымбаттауына байланысты бағаның көтерілгенін жариялады. Алдағы уақытта нан-тоқаш өндірушілерге бір мың тонна арзан ұн сату арқылы нан бағасын ұстап тұру жоспарлануда. Бұл тұрақтандыру қорынан қалған қаражатпен жүзеге асады. Ведомство мамандарының айтуынша, мұндай шара жыл соңына дейін бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бағаны тұрақтандыру қоры жақын арада қаржымен қайта толықтырылмақ.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева: "Жыл соңына дейін тұрақтандыру қоры ұнмен толықтырылады. Қазірдің өзінде 872 тонна 0,01%-бен қарыз берілді. Сонымен қатар қарақұмық, жұмыртқа және макарон сатып алынады", – дейді.
Алмас Қылыш