Ақтауда наразы халық автомобиль жолын жауып тастады

275

Ақтауда су мен жылудың жоқтығына наразы халық автомобиль жолын жауып тастады.

Ақтауда наразы халық автомобиль жолын жауып тастады Фото: mangystaumedia.kz

Ақтаудағы 32В ш/а "Шаңырақ" ТҮК тұрғындары ауыз су мен жылудың жоқтығына шағымданып, көлік жүретін жолды жапқан. Тұрғындардың айтуынша, олардың сусыз отырғанына 3 күннен асты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты mangystaumedia.kz порталына сілтеме жасап.

Қала тұрғындары әлеуметтік желі беттерінде бірнеше ықшам ауданда ауыз су мен жылу жоқ екенін жарыса жазуда. Ал 32В ш/а "Шаңырақ" ТҮК тұрғындары мәселе шешімін таппай жатқандықтан 32В және 32Б шағын аудандар арасындағы жолды жапты. Видеодан жиналған халықтың қолында су толтыруға арналған ыдыстар мен бөтелкелер барын аңғаруға болады.

Жауаптылардың айтуынша, аталған тұрғын үйдің ауыз су желісінде ақау табылды(порыв). Сондықтан үйдегі су өшірілген.

"Су құбырындағы жарылысқа байланысты 8, 8/1, 9, 11 үйлер және 10 мен 12 үйлердің жарты бөлігінде ауыз су беру тоқтатылды. Қызмет көрсетуші мекемеге хабарланады",- деп жауап берді "КЖСА" МКК.

Қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, ақау табылған ауыз су желісі құрылысшы "К7 Group" теңгерімінде. Әкімдік өкілдері мен құрылысшы мекеме мамандары тұрғындармен кездескен.

"Бұл желілерде бұрын да сумен және жылумен қамтамасыз ету мәселесі байқалған. Бірақ бұл инженерлік желілер жеке құрылыс компаниясының балансында болғандықтан, қалалық коммуналдық қызметтердің тұрақты бақылауға мүмкіндігі жоқ. Қазіргі уақытта мердігер қалалық коммуналдық қызметтің жедел тобымен бірге суды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде", - деп хабарлады әкімдік.

Уәкілетті тұлғалардың түсіндіру жұмыстарынан кейін барлық тұрғындар үйлеріне тараған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу