Ақтауда облыстық ауруханада науқас баланың әкесі мен балалар хирургі арасында жанжал болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аурухана мәліметінше, дәрігер баланы қарап, қажетті тексерулерден өткізген. Алайда баланы ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екенін айтқан.
Бұған ашуланған әкесі үстелді теуіп, дәрігерге тап берген. Ол хирургтің мойнынан қысып, күш көрсеткен. Оқиға куәгерлері ер адамды дәрігерден әрең ажыратқан. Оқиға орнына полиция шақырылды. Аурухана өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен дәрігер жұмысқа қайта оралып, кезекшілікке кіріскен.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.