Ақтауда полиция қызметкері кісі қолынан қаза тапты

1114

Маңғыстау облысының полиция департаменті тәртіп сақшысының қайтыс болғанын растады.

Ақтауда полиция қызметкері кісі қолынан қаза тапты

Қайғылы оқиға Ақтауда тамыздың 2-нен 3-не қараған түні болды.

Куәгерлердің айтуынша, 17 шағын ауданда полиция қызметкері пышақ жарақатын алған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.

Полиция департаментінің хабарлауынша, 3 тамызда сағат 03:50-де кезекші бөлімге 17 шағын аудандағы үйдің ауласынан жедел жәрдем көлігімен Маңғыстау облыстық ауруханасына мойын тұсынан алған пышақ жарақатымен бір азаматтың жеткізілгені туралы қоңырау түседі. 26 жастағы жігіт ес жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмған. Марқұм 22 шілдеден бастап еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері болып шықты.

Кейбір дереккөздерде марқұмның Ақтау ҚПБ ЖПҚ ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болғаны айтылады. Құқық қорғау саласында 2016 жылдан бері жұмыс істейді.

Жедел-іздестіру шаралары барысында 27 жастағы күдікті анықталып, қолға түсті.

Аталған дерек Ақтау қалалық полиция басқармасында ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу