Осыдан бірнеше күн бұрын жанжал болған жекеменшік "Айналайын" балабақшасының директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
Балабақша директорына қатысты АҚК-ның 73-1-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік іс Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды.
"Сот 14 ақпан күні сағат 17.00-де Ақтау қаласының 31-шағынауданында орналасқан "Айналайын" балабақшасы ғимаратында директор тәрбиешінің көмекшісімен қақтығысу кезінде оны басынан ыдыспен ұрғанын анықтады. Осылайша көмекші жеңіл жарақат алды. Медсараптама қорытындысы мен куәгерлердің жауабы директордың кінәсін дәлелдеді", – деп хабарлады облыстық сот.
Сот қаулысы бойынша Г. ӘҚК-ның 73-1-бабының 1-тармағы бойынша айыпты деп танылып, оған 15 АЕК мөлшерінде, яғни 37875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы күшіне енген жоқ.