Бұқараға арналған теннис үстелдері Алғыс айту күнінде қолданысқа берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биіктігі 76 сантиметрді құрайтын кәсіби теннис үстелдері мәрмәрден жасалған. Үстелдің ені - 152 см, ал ұзындығы - 247 см. Қазақстан халқы Ассамблеясы "Кәсіпкерлер қауымдастығының" вице-президенті Джамбулат Тангиев бұл жоба демеушілердің Ақтауға жасаған сыйлығы екендігін жеткізді.
"Аталған жоба бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы "Кәсіпкерлер қауымдастығының" Ақтауға жасаған сыйлығы. Бүгін екі теннис үстелін теңіз жағасына орнатсақ, алдағы уақытта тағы екеуі "Достық үйі" маңына қойылады. Жалпы "Кәсіпкерлер қауымдастығының" өңірлік филиалы қаладағы шағын аудандарда да теннис үстелін орнатуды жоспарлап отыр. Теннис үстелі отандық өнімдерден жасалған", - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы "Кәсіпкерлер қауымдастығының" вице-президенті Джамбулат Тангиев.
Шараға арнайы қатысқан ардагер спортшылар да өз алғысын жеткізді.
"Бұл - өте маңызды шара. Спортты дамытуға жасалған үлкен қадам дер едім. Маңғыстаудағы үстел теннисін дамытып келе жатырмыз. Үстел теннисінен 10 жылдың ішінде үлкен жетістіктеріміз бар. Мұнда кез-келген адам келіп үстел теннисін ойнап, жаттыға алады. Осы жобаны жүзеге асырған адамдарға алғыс айтамын", - деді ардагер спортшы Мақатай Рамазанұлы.
Шарада 80 жастағы ардагер спортшы Людмила Замига теннистен шеберлік сағатын көрсетіп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.
"Өте қуаныштымын. Мұнда кез-келген адам келіп жаттыға алады. Өмір бойы үстел теннисі, шахметпен шұғылданып келемін. Жастарға да спортты жанына серік ету керек деп ойлаймын", - ағынан жарылды ардагер спортшы Людмила Замига.