Құлаған жеделсатыда балалар мен аналар да бар. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бірінші қабаттан көтерілген лифт шахтаға құлап, бір-біріне шығуға көмектескен адамдардың видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетті. Бұл осы үйдегі бірінші жағдай емес көрінеді. Оны толық білетін жауапты мекемелер ешқандай шара қолданбай отырған көрінеді.
"Мен екі рет тұрып қалдым бұл лифтіде. Жеделсатының іші үнемі шулы болып тұрады. Баламен мінгенде мүмкін емес, қорқынышты. Техникаға мұқият қарамаса, тексермесе болмайды ғой. Адам өміріне қауіп төндіріп тұр", – дейді осы үйдің тұрғыны Нұрия Сынгереева.
Үйдің жартысынан көбіне халық бір жыл бұрын қоныстанған, бірақ әлі күнге дейін пәтер құжаттарын алмай, жеделсатыны жауапты коммуналдық мекемеге қостырмаған болып шықты. Лифтіде 10 адам болып, артық салмақты көтермей құлады деген болжам айтылуда.
"А3 GROUP LTD" құрылыс компаниясының құрылтайшысы Алмас Құрманғазиев: "Лифт салмақты көтермеген де нөлінші қабатқа барады. Нөлге барғаннан кейін ол қайта жүктеледі. Сол кезде адамдар жанұшыра есікті сындырып, бұзып шығып кеткен. Жүктелу бағдарламасы 15-20 минут болады. Соған шыдай алмаған. 500 кг салмаққа арналған жеделсаты 5-6 адамға есептелген", – деп түсіндірді.
Ал тұрғын үйге жеделсаты орнатқан "Ақтау лифтілер" компаниясы бұл жағдайға байланысты бірнеше заңсыздықты айтты. Алдымен құрылыс компаниясы лифтіні тұрғындардың қолдануы үшін әкімдікке арыз жазуы тиіс дейді. Одан соң әкімдік тексеріп, техникалық қызмет көрсететін компанияға тапсыруы қажет. Дегенмен бүкіл құжатты жасап құрылыс компаниясына тапсырсам да, әлі күнге дейін қабылдамай отыр, – дейді "Ақтау лифтілер" ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.
"Лифтіні тоқтатып тастаймыз дедім. Ойбай, мына халық шулап жатыр, жоғарғы қабатта үлкен адамдар бар. Мініп-түсуі қиын деп хабарласады. Біз сосын көзімізді жұмамыз да, заңға қайшы жеделсатыны қосып береміз. Біздің кінәміз сол", – деді ол.
Оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, сынған жеделсаты қайта жөнделетін болады.
Алмас Қылыш