Ақтауда ұлттық киімдерге сұраныс жоғары

1378

Маңғыстау облысында наурыз айы басталғалы ұлттық киімдер саудасы қыза түсті.  

Ақтауда ұлттық киімдерге сұраныс жоғары Фото: inbusiness.kz

Әсіресе, Амал мерекесінде тапсырыс артты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ақтаулық жас дизайнер Мансия Бекхожина өзінің жеке тігін шеберханасын ашқанына 6 ай болды. Тапсырыс көп. Бір күнде 4 көйлек тігеді. Қосымша бешпент, камзол, кәжекей сынды ұлттық киімдерге сұраныс жоғары. Қыз ұзату мен жас келінге арналған киімдерге де таңдау жетерлік. Мерейтой, балаларға арналған сәнді киімдер де тігуде.

"Амал мерекесіне халық ерекше дайындалады. Тапсырыс он есе көбейді десем болады. Барлығы ерекше қайталанбайтын үлгідегі киімді сұрайды. Барқыт, тылқы, жібек маталардан тігеміз. Джинсы маталардан бешпент тігіп, қазаша оюлармен оюлап шығарып жатырмыз", – дейді кәсіпкер.

Мәселен, оюлы бешпент үкілі тақиясымен бірге 80 мың теңге. Күртешелер - 50 мың теңге. Матасы мен дизайнына қарай құны да өзгере береді. Басқа сән үйлерінде баға бірнеше есе шарықтап тұрғаны жасырын емес.

Мансия - үш баланың анасы. Тігіншілікпен бала күтімінде отырған сәттен бастап шұғылдана бастапты. Бала кезден әдемі киімдер мен ерекше үлгілерге қызыққан арудың арманы орындалды. 6 жыл үйде отырып тапсырыс қабылдап киім тіккен ол, жеке кәсібін ашуды жөн көреді. Арманы алдамады. Сапалы маталардан тігілген қайталанбас киімдер қыз-келіншектерді бірден тәнті етті.  Қазір шеберханада 4 адам еңбек етеді. Одан бөлек үйінде отырып тігетін жұмысшылары да бар.

"Бізде таңдау мол. Тұтынушылардың назарын аудару үшін әрбір сән үйі өзінше ерекшеленеді. Қыздардың жүрегін жаулаған күрешелерімізбен ерекшеміз. Сол арқылы тез танылдым. Күртені қолдан кестелеп, моншақпен көмкеріп тігу арқылы жаңа бағытты таңдадым",– дейді Мансия Бекхожина.

Маңғыстау –  ұлттық киімдерді жыл он екі ай киетін өңір. Амал, Наурыз мерекелерінен өзге барлық той-томалаққа, күнделікті өмірде қазақи киімдерді тастамай киіп жүретіндер көп. Сондықтан да жас дизайнер ұлттық ерекшелікті сақтай отырып заманауи үлгіні тауып, одан әрі дамуды көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу