Ақтауда үш баласын өлтірген ер адам отбасымен ажырасқан

765

Ақтауда 3 бірдей баласын пышақтап өлтірген 36 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.   

Ақтауда үш баласын өлтірген ер адам отбасымен ажырасқан Фото: inbusiness.kz

Жантүршігерлік әрекетті туған балаларына жасаған әке ажырасқан болып шықты. Көктемгі демалыста балаларын көруге алып кетіп, соңы қылмыспен аяқталды. Ақтаудағы үйге күдікті жақында көшіп келген. Көршілері онымен танысып үлгермеген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Сол күні таксиден түсіп, үйіне кетіп бара жатты. Бұрын-соңды ол жігітті көргенім жоқ. Білмейміз де. Бір адам танымады. Үш баласымен менің қасымнан өтті. Екі қызының басында хиджабы бар. Ұлы ізінен келе жатты. Үшеуі келесі подъезге кіріп кетті. Оқиға алдыңғы күні болды. Жақында алған дейді үйді. Бұрын басқалар тұратын еді, көшіп кеткен", - дейді көршісі.

Үш бала Ақтау қаласындағы №30 мектепте өткен жылдың қыркүйек пен қараша аралығында оқыған. Желтоқсан айында ерлі-зайыптылар ажырасып, анасы балаларымен бірге Атырауға көшкен. Олар Атырау қаласындағы №9 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте 5, 3 және 1-сыныптарда білім алған. Демалысқа шыққан балаларын әкесі Ақтауға уақытша алып кеткен көрінеді. Адам қолынан асқан қатыгездікпен көз жұмған екі қыз бен ұлдың есімдері - Әмина, Айша, Әбдірахман.

Естеріңізге сала кетейік, 2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция 36 жастағы әкесін ұстады. ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел тергеу іс шаралары жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде күдіктінің фотосы тарап, оның Бейнеу ауданының тұрғыны екені айтылуда. Кейбір мәліметтерде күдікті жат діни ағымның мүшесі болған деген дерек алға тартылды. Қайғылы оқиға кезінде балалардың анасы қайда болғаны туралы ақпарат жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу