Ақтау қаласында Қазақстандағы, жақын және алыс шетелдердегі ірі мемлекеттік және жеке компаниялардың, салалық министрліктердің, қауымдастықтар өкілдерінің, битум және басқа да жол құрылыс материалдары, полимер-битум байланыс, қиыршық тас өндірушілер мен жеткізушілердің қатысуымен Жол конгресі өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына" сілтеме жасап.
Іс-шара 7 қыркүйекте басталды. Шараға қатысушылар үш күн бойы отандық битум өндірушілердің қуаттарды жаңғырту бойынша жоспарларын, битум байланыстырғыш материалдардың сапасын, жол құрылысында полимерлі-модификацияланған битумды пайдалануды, оларды тасымалдау, сақтау және инженерлік-мердігерлік келісім бойынша сапасын бақылау мәселелерін талқылайды және Қазақстандағы ірі жол битум өндірушілердің бірі "Caspi Bitum" СП" ЖШС-нің қызметімен танысады.
"Бұл форум битумның сапасына қатысты мәселелерді ашық талдауға мүмкіндік береді. Өз тарапынан Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы автомобиль жолдарын салу кезінде битумды бағалаудың жаңа стандарттарын қолданатын болады", – деді РМК Бас директоры Замир Сағынов.