Ақтауға ыстық су екі күннен кейін қайта беріледі. Бұл туралы "МАЭК" ЖШС пайдалану және жөндеу департаментінің директоры Аян Үйкекбаев айтты.
Оның айтуынша, орталық сумен жабдықтау қондырғысының су қоймаларын орташа деңгейде толтыру үшін екі күн қажет.
"Екі күн орталық сумен жабдықтау қондырғысының су қоймаларын орташа деңгейге дейін толтыруға кетеді. Осыдан кейін қаланы сумен қамтамасыз ету туралы айтуға болады", – деді ол.
Сондай-ақ ол осы мәселемен "МАЭК" ЖШС "Каспий жылу, су арнасы" МКК-мен бірігіп айналысып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, "МАЭК" электр станциясының жұмысындағы ақауларды жою бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Еске сала кетсек, Ақтауда ыстық су 5 желтоқсанда өшірілген болатын.