Ақтауда 300 млн долларға жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Маңғыстау облысында жаңа теңіз портын салу жоспарлануда. Стратегиялық серіктес ретінде қытайлық "Чжонъюн Интернешнл" компаниялар тобы шығып отыр.
Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, инвестициялық жобаның құны 300 млн долларға бағаланып отыр. Қазіргі уақытта инвестор компанияны өңірде тіркеп қойды, енді инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттар дайындап жатыр.
"Жоба "Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа" жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", – деді Нұрдәулет Қилыбай.