Ақтауда жасыл желек автоматты жүйемен суарылмақ

631

Қазір Ақтауда 62 мың түп тал бар. Биыл тағы 5 мыңға жуық ағаш егілген.

Ақтауда жасыл желек автоматты жүйемен суарылмақ

Маңғыстау облысының орталығын көгалдандыруға тамшылатып суару әдісі пайдаланылмақ. Осы мақсатта шаһарға 120 шақырым су құбыры жүргізіледі. Қазір құбыр тарту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін 50 шақырымдай құбыр жүргізіледі. Барлық желі автоматтандырылған суару жүйесіне қосылады. Бұл әдіс суды үнемдеп, жұмысшылардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған дейінгі мердігер компаниялардың жасыл желекті көлікпен суару жұмысы тиімсіз болды. Салдарынан талдар қурап, тұрғындардың шағымы көбейген.

"Бәсекелестік ортаға берілгенде әуелі конкурс мүмкіндігі шектеулі жандардың ортасында өткізілді. Сол жерден ақсаған жерлеріміз болды, оны жасырмаймыз. Қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципімен 5 жылға бердік. Көлікпен емес, құбыр арқылы суару жүйесіне өтуіміз керек", – дейді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айталық, қаланың төменгі шағынаудандарының көгалын суару үшін бұлақ суы пайдаланылады. 1, 3, 3А және 3Б шағын аудандарда суару жүйесі іске қосылды. 1 шағынауданда орналасқан бұлақтан шығатын құбырдың периметрі 6 шақырымды құрайды.  

"Бұл ауыз су құбырынан суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Енді орталықтандырылған құбырға қосылудың қажеті жоқ. Айта кету керек, бұлақ суының құрамында еріген тұздар жоқ, бұл іс жүзінде тазартылған су. Ол таза әрі жанды", – деді мердігер компанияның директоры Айбек Ербөлеков.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу