Ақтаудағы кафеде болған жарылыстың алдын ала себебі аталды

4952

Кинологиялық қызмет жарылыс орнына барлау жүргізіп, зардап шеккендер жоқ екенін анықтаған.

Ақтаудағы кафеде болған жарылыстың алдын ала себебі аталды

Ақтауда 7 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 21:18-де 29 "А" шағынауданындағы "Шерқала" кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада жарылыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz Қоғамдық коммуникация орталығы таратқан ақпаратқа сүйеніп.

"Маңғыстау облыстық төтенше жаңдайлар департаментіне жергілікті уақыт бойынша сағат 21:18 минутта 29 "А" шағынауданындағы "Шерқала" кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада белгісіз жағдайда жарылыс болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Бірден оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері жетті. Қазір жарылыстың себебі мен бүлінген аумақ және шығын көлемі анықталуда", – деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының  бас маманы Мақсат Шапқатов.

Жарылыс болған жерде Ақтау қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының 7 техникасы мен 22 қызметкері, облыстық полиция департаментінен 11 техника мен 25 қызметкері жұмыс істеді.

"Шерқала" кешені иесінің айтуынша, барлық жұмысшылар ғимараттан кешкі сағат 18:00 мен 20:00-арасында кеткен. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, жарылыстың алдын ала себебі газ-ауа қоспасының тарауы болуы мүмкін. Жарылыс орнынан екі газ балоны шығарылды.

"Ғимарат иесінің айтуынша, қоқыс астында әрқайсысы сыйымдылығы 50 литр болатын тағы екі газ балоны бар. Толығырақ ақпарат авариялық-құтқару жұмыстары жойылғаннан кейін жүргізіледі", – деп хабарлады Бекболат Әбдіқадыров.

Айта кетейік, Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері Жәнібек Ажмұхановтың мәліметінше, жарылыстан жарақат алып, ауруханағ жүгінгендер болмаған.

Жарылыстан кейін сағат 21:35-те облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу