"Мен анама 4 шағын ауданнан 7 ықшам ауданданындағы емханаға такси шақырдым. Жүргізуші 1500 теңге сұрады. Ауа райының қолайсыздығын түсінемін, бірақ 400 теңгеге барып жүрген жерге бағаны сонша қосқаны дұрыс емес. Бұл өте қымбат", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әсия Сансызбайқызы.
Автокөлік иелері коммуналдық қызметтердің әрекетіне көңілі толмайтындарын жеткізді.
"Ауа-райы болжамын алдын ала көріп отыр. Құм мен техниканы алдын-ала дайындауға болар еді. Кеше сағат 17-ден кейін мен 14 шағын ауданнан орталық жолмен жүрдім. Көктайғақтан көлік қозғалысы баяулады, жету қиын болды. Жолдасым жұмыстан көлікпен 35 шағын ауданнан 29 ықшам ауданға әрең жеткен. Жолға не тұз, не құм себілмеген", - деп ренішін білдірді тұрғындар.
Қала әкімдігі коммуналдық қызметкерлердің түнгі кезекшілікке шыққанын айтты.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түнгі кезекшілікке "Қала жолдары" ЖШС қызметкерлері шықты. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Коммуналдық қызметкерлердің бірінші кезектегі міндеттері: жолды қардан, мұздан тазалау. Түнде 75 текше метр құм мен 33 тонна тұз себілді",- делінеді хабарламада.
Көпшілік қала билігінен жол тазалау мен құм, тұз себу жұмыстарын одан әрі күшейтуді сұрайды.