Ақтаудағы жаңа мектепте 17 бірінші сынып ашылды

1415

Білім күні Ақтауда заман талабына сай қос мемлекеттік мектеп ашылды. Соның бірі 34 шағын ауданда орналасқан №19 мектеп-гимназиясы.   

Ақтаудағы жаңа мектепте 17 бірінші сынып ашылды

1200 орындық білім ордасында биыл 17 бірінші сынып ашылды.Оларға 500 бүлдіршін барды. "Бала – біздің болашағымыз, байлығымыз, олардың саны артып жатса, бұл зор қуаныш",-деді мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі С.Трұмов.

Аймақ басшысы жаңа мектептің ұстаздары мен ата-аналарын және  оқушыларды айтулы күнмен құттықтап, табыс тіледі.

"Бүгін жарқын да қуанышты мереке  – Білім күнінде барлық талапқа сай жаңа мектеп өздеріңізге есігін айқара ашып жатыр. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Биылғы оқу жылы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып,  дәстүрлі форматта басталады. Біздің міндетіміз - соңғы екі оқу жылындағы оқу-тәрбие процесіндегі кемшін тұстарын толтыру, оқушыларға қолайлы жағдай жасау, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету"- деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында бірінші сыныптың оқушыларына облыс әкімі "Әліппе" оқулығын табыстады. 2-11 сынып оқушыларына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Тәуелсіздік жетістіктері" атты сынып сағаттар ұйымдастырылды. Сынып сағаттары әр сынып үшін жеке кабинеттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Жаңа мектепте мультимедиялық оқу залдары, заманауи жабдықталған физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық кабинеттер, интербелсенді тақталарымен жабдықталған, технология кабинеттері жабдықталған. Сондай-ақ, мектеп аумағында  халықаралық стандартқа сай спорттық ойын алаңдары, жүгіру жолдары және демалуға арналған орындар орналасқан. Ғимаратқа бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі орнатылып,  интернет желісі тартылған.  

Аталған мектепке ұстаздар құрамы ерекше тәсілмен қабылданды. Қоғам белсенділерінен арнайы комиссия құрылып, мұғалімдердің үздіктері түрлі сұраққа жауап беру арқылы таңдап алынды. Сайдың тасындай іріктелген 160 педагог жаңа мектепте шәкірт тәрбиелейтін болады.

Бүгін облыс көлемінде 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік мектеп ашылып, 3 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға берілді. Ал, алдағы 5 жылда тағы да жаңа отызға жуық мектептің құрылысын салу жоспарлануда.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу