Ақтаудың жаңа әкімі алғашқы жиында тазалыққа жауаптыларды сынға алды

206

"Қала тазалығы – бір рет жасалатын акция емес, ұдайы назарда ұстайтын мәселе".

Ақтаудың жаңа әкімі алғашқы жиында тазалыққа жауаптыларды сынға алды Фото: Ақтау әкімдігі

Ақтау қаласының әкімі қаланың тазалығына жауаптыларға талапты күшейтті. Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 7 компания айналысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Caspiy Operating" ЖШС, "Мұнайлы қызмет" ЖШС, "СоцСервис-А" ЖШС, "Евро Сервис Джо" ЖШС, "Атамекен-Тазалық" ЖШС, "WRC" ЖШС, "Эко Каспий" ЖШС - бәрі тұрғындар шығарған тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға тасымалдайды. Ал қаланың санитарлық тазалығына "Ақжол+К" ЖШС жауапты. Бірақ, тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Сондықтан, әкім қала тазалығын тез арада ретке келтіруді тапсырды.   

– Тазалық жұмыстарымен айналысатын барлық компания әр нысанға белгілі бір маманды бекіту қажет. Бұл бүгін тазартылып, ертең ұмытылып кетпеуі қажет. Қала тазалығы – бір рет жасалатын акция емес, ұдайы назарда ұстайтын мәселе. Бұл жұмыстарды қатаң қадағалау керек. Қала тазалығын тез арада ретке келтіруді тапсырамын. Сонымен қатар, қаладағы жағымсыз иіске байланысты қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы экология департаментімен бірлесіп мәселені шешіңіздер, – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Жыл басынан бері қала аумағында заңсыз қоқыс тастаған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша, 2 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылып, 641 260 теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, оның 530 500 теңгесі өндірілді.

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов құзырлы органға заңсыз қоқыс тастаған азаматтарды жауапқа тартып, әкімшілік шара қолдануды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу