Ресейлік Каспий флотилиясы Ақтау қаласына бейресми сапармен келді. Ондағы мақсат – Қазақстан Республикасы әскери-теңіз күштері мен Ресей федарациясының Әскери-теңіз флоты арасындағы екіжақты достастықты арттыру, деп хабарлайды baribar.kz.
Ресейден келген әскери кемелер тобын Каспий теңізінен еліміздің Әскери-теңіз күштерінің ұрыс кемелері күтіп алды. Кемелер тобын екінші ранг капитаны Андрей Поляков басқарып келді. Оның құрамына "Великий Устюг" кіші зымыран кемесі мен "МБ-58" теңіз буксирі бар.
21631 жобасының (шифрі Буян-М) "Великий Устюг" кіші зымыран кемесі жоғары дәлдікпен ерекшеленетін заманауи зымыран қаруларымен жабдықталған. Ол Ресейдің Сириядағы әскери операциясына қатысып, "Ислам мемлекетінің" инфрақұрылым нысандарына бірнеше зымыран шабуылдарын жасады.
"МБ-58" теңіз буксирі ашық теңізде апатқа ұшыраған кемелерді құтқаруға арналған. Ол өрт сөндіріп, кемені судан тазартып, қайырға тұрып қалған кемелерді шығара алады.
Екі елдің Әскери-теңіз күштерінің кездесуі аясында салтанатты түрде күтіп алу шаралары, Ақтау халықаралық әскери сауда портында швартовка, Ақтау қаласының әкімдігіндегі шаралар, қала тұрғындарына кемелерді таныстыру, екі ел әскерилерінің арасында спорттық жарыстар өтеді.
"Ресей Әскери-теңіз флотының елімізге келуі – дәстүрге айналған шара. Ол екі ел арасындағы әскери достастықты дамытуға бағытталған. Еліміздің президенті – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы, "Каспий – достық пен тұрақтылықтың теңізі" екенін тағы бір мәрте көрсетеді",- деді үшінші ранг капитаны Қалев Дастан Қалдыбекұлы.