Құрылыс компаниясы тұрғын үйді уақытында аяқтамаған. Енді тұрғындар шарасыз күйде отыр. Олардың басым бөлігі жалғыз баспанасын сатып, 2 жылдан бері пәтер жалдап жүр. Бір қызығы, үлескерлер пәтер құнын толық төлеген. "К7 GROUP" құрылыс компаниясының үлескерлері үйдің қабырғасы түгілі, іргетасы да қаланбағанына наразы. 2019 жылы жасалған келісім-шарт бойынша компания пәтерлерді 2020 жылдың маусым айында бітіруі тиіс еді.
Үлескер Перизат Әділханованың айтуынша, барлық мүлкін сатып, 30 млн теңге салған. Қазір пәтер жалдап тұрады. 4 баласымен сыймай, бірінші тоқсанда 3 мектеп ауыстырып үлгерген. Нарызылыққа шыққанан басқа шарасы қалмаған.
Ал мердігерлер болса, құрылыстың кідіруіне пандемия себеп болғанын жеткізді. Бірақ жұмыс қайта жандана бастаған.Тұрғын үйді келесі жылдың басында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Құрылыс компаниясының өкілі Бақыт Меңдібаев: "Қаладағы жабын плитасын шығаратын мекеменің өнімі жетпей қалды. Құрылыс материалдары болмады. Қазіргі таңда мекеме басшылығы осы тығырақтан шығу мақсатында өндірістік аумақтан цех сатып алып жатыр. Қосылған сәттен бастап, осы салынып жатқан нысанға қажетті плитаны жеткізуге мүмкіндігіміз болады", – дейді.
Үлескерлер құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді дейді.
Құрғақ уәдеден мезі болған үлескерлер мәселе тез арада шешілмесе облыс әкімі мен прокуратураға шағымданбақ.
Алмас Қылыш