"Ақтөбе-Ақтау" пойызымен үйіне қайтып келе жатқан ақтаулық әйел пойызда босанып қалды. Кеше таңғы сағат бесте келіншектің толғағы басталады. Пойыз бастығы Ботагөз Қиданова вагондардың бірінен акушер іздеп тауып, әйелді қызметтік купеге орналастырады. Сағат 11.00-де ер бала аман-есен дүние есігін ашады. Нәрестеге Дінмұхамед деп ат қойған.
"Жас босанған әйелді барлық стансалардан дәрігерлер күтіп алып, көмектесіп тұрды. Бірақ, ол еш жерден түсіп қалмай, үйіне жетіп алғысы келді", - дейді Ботагөз Қиданова. Бір қызығы, бұған дейін ол пойызда осылай үш қыз баланы босандырып алған екен.
Маңғышлақ стансасына жеткесін, ана мен баланы жедел жәрдем көлігі перзентханаға алып кеткен. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы.
Құралай Қуатова