Ақтаулық оқушы халықаралық робот техникасы жарысында бас жүлде алды

214

"Корея мемлекетінің жоғары оқу орнына түскім келеді".

Ақтаулық оқушы халықаралық робот техникасы жарысында бас жүлде алды Фото: Маңғыстау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

Ақтаудағы "ІТ мектеп-лицейдің" 10-сынып оқушысы Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен "11th IYRC-International youth robotic competition" білім беру робототехникасы бойынша халықаралық жарыста бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Білімділер сайысына әлемнің 20 елінен 1 мыңнан астам оқушы қатысқан. Ал, Нұркен Ізбасарұлы сайыста "Орманды құтқару" бағыты бойынша 13 пен 18 жас аралығындағы қатысушылар арасында үздік шығып, бас жүлдені қанжығалады.

– Мен робототехникамен 5 жылдан бері айналысамын. Бұл – халықаралық жарыс, әлбетте, қатты уайымдадым. Бірақ, бәрі жақсы өтті. Маған Корея ұнады. Болашақ мамандығым робототехника және IT-технологиямен байланысты болғандықтан, Корея мемлекетінің жоғары оқу орнына түскім келеді. Зор қолдауын білдірген жаттықтырушым мен ата-анама өз алғысымды айтамын, – дейді Нұркен Ізбасарұлы.

Осы орайда бас бапкер Дмитрий Куричев шәкіртінің сын сағатта қандай қиындықты бастан кешкені туралы айтып берді.  

– Бағдарламаны бірге әзірледік. Нұркен де аздап қобалжыды. Оның үстіне қарсыластары мықты болды. Корея, Қытай, Малайзия, Таиланд, Лаос, Ресей, Қазақстан, Бразилия, Үндістан, Алжир, Израиль, Ирак, Индонезиядан мыңнан астам бала қатысты. Бірақ Нұркен тапсырманы жақсы орындап, жеңіске жетті. Біз оны жеңісімен құттықтаймыз, – деді Дмитрий Куричев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу