Ақтаулық параспортшы 24 сағатта 50 шақырым жүзіп өтті

307

Бұған дейін ең ұзақ 9 сағат жүзген спортшы бұл жолы тәуліктік межені бағындырды.  

Ақтаулық параспортшы 24 сағатта 50 шақырым жүзіп өтті Фото: gov.kz

Ақтауда мүмкіндігі шектеулі спортшы (параспортшы) Қуаныш Асқар 24 сағат бойы жүзу сынағын аяқтап, бір тәулікте 50 шақырым қашықтықты жүзіп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Спортшының ерекше сынағы 15 тамыз сағат 10:00-де басталып, 16 тамыз сағат 10:00-де аяқталды. Негізгі талап бойынша Қуаныш Асқар жүзуді толық тоқтатпай, 24 сағат бойы ұйықтамауы керек болды. Қысқа уақытқа үзіліс жасап, тамақтануға және күш жинауға рұқсат етілді.

Қуаныш Асқар мұндай ұзақ қашықтықты алғаш рет еңсеруге бел буған. Бұған дейін бассейнде ең ұзақ 9 сағат жүзген.

Оның айтуынша, сынақта физикалық дайындықтан гөрі психологиялық төзімділік маңызды болған. Әсіресе түнгі уақытта ұйқы қысқан кезде жүзуді жалғастыру қиынға соққан.

– Қазақстанда мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында мұндай қашықтықты жүзіп өткен адам болмаған деп ойлаймын. Қателеспесем, бір қолы жоқ спортшы да мұндай дистанцияны жүзіп көрмеген. Ақтауда да бұған дейін мұндай сынақ жасалмаған. Сондықтан “Неге бізге жасамасқа?” деп шешіп, осы рекордқа қадам бастық. 24 сағат бойы ұйықтамау, суда ұзақ уақыт жүру оңай емес. Айналадағы дыбыстарды естімей, өз ойыңмен арпалысатын сәттер болады. Сол қиындықтардың бәрін жеңіп, тоқтамай жүзу керек. Әсіресе түнгі уақытта жүзу өте қиын болды. Ұйқы қысады, айнала қараңғы, адам аз. Осындай сәттерде өзіңді жинап, алға қарай жүзуді жалғастырудың өзі үлкен сынақ, – деді Қуаныш Асқар.

Спортшы бұл бастамасы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға мотивация беруді мақсат еткенін айтты. Оның пікірінше, адамның мүмкіндігін көбіне өзі қоятын шектеулер тежейді.

– Менің ойымша, біздегі ең үлкен шектеу – өз басымызда. Осыдан 3-4 жыл бұрын менің ойыма 5 шақырым немесе 10 шақырым жүзу де кірмейтін. Ал қазір 5 те, 10 да емес, 60 шақырымға жуық қашықтықты жүзіп жатырмыз. Сондықтан адам өзіне шектеу қоймай, өз мүмкіндігіне сеніп, алға ұмтылуы керек. Ең біріншіден, өзім сияқты өмірде түрлі қиындықтарға кезіккен мүгедектігі бар жандарға айтарым - қандай қиындық болса да, ең бастысы, алға қарай жылжи беру керек. Берілмей, мақсатқа қарай қадам басу қажет. Армандай білу керек және сол арманға жету үшін еңбектену керек, – деді Қуаныш Асқар.

Осылайша, Қуаныш Асқар 24 сағаттық жүзу сынағын сәтті аяқтап, 50 шақырымды еңсерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу