Ақтаулық тұрғындар Президентке бейнеөтініш жолдады

399

Тұрғындар көпқабатты үйдің өзекті мәселелерін шеше алмай келе жатқанын айтып ашынды.

Ақтаулық тұрғындар Президентке бейнеөтініш жолдады Фото: google.com

Ақтаудағы "Maek Kuat Residence" тұрғын үй кешенінің тұрғындары үшінші жылы құрылыс салушыдан үйлерінің өзекті мәселелерін шеше алмай келеді. Олар барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген. Алайда, оларды ешкім "естімейді" және қиындықтарды шешуге көмектесуге асықпайды. Сондықтан да тұрғын үй кешенінің тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеөтініш жазды.                                                                                                                           

"Біз үш жыл бойы құзырлы органдарға ұжымдық және жеке өтініштер жазып шықтық. Мұның себебі: құрылтайшысы Тагиев Таги болып саналатын  "ISG (Integration Solutions Group)" ЖШС құрылысшысының өз міндеттемелеріне жауапсыздық танытуы. Салдарынан өрт жүйесі жұмыс істемейтін үйде тұруға мәжбүрміз. Үй маңында ине шаншар жер жоқ және төтенше жағдайларда өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем машиналарының өтуі қиын. Көп қабатты үйлердегі өрт жағдайлары көрсеткендей, арнайы қызметтердің әрекет ету жылдамдығына адам өмірі тікелей байланысты. Қазіргі уақытта 1000- ға жуық адам ТЖ қаупі жоғары үйде тұрамыз.  Мәселенің шешілуіне көмектесуіңізді сұраймыз",- дейді тұрғындар.

Құрылыс салушы тарапынан өрескел заң бұзушылықтар тіркелген, бірақ оны түзетуге асықпайды екен.

Тұрғындардың айтуынша, бұл кешеннен ТЖД екі жыл бұрын 24 өрескел бұзушылықты анықтады. Енгізу актісіне кемшіліктермен қол қойылды. Құрылыс салушы тарапынан мынадай бұзушылықтар жіберілген: жобалық құжаттаманың сәйкес келмеуі, жарнамалық ұсынысқа сай болмауы, паркингті мақсатсыз пайдалану, шатырдың техникалық жағдайы, балалар алаңы мен аула іші аяқталмаған. Тұрақ орнында тағы бір тұрғын үй ТК салынған. 

Тұрғын үй кешенінің тұрғындары 25 рет Бас прокуратураға өтініш жолдаған. Бұдан басқа Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ақтау билігі, ТЖД өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, облыстық прокуратура мен Президент әкімшілігіне өтініш білдіргенін атап өтті. Олар құрылыс салушыны сотқа берді.

"Алғаш рет сот құрылыс салушыны "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға және 306 300 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолдануға қаулы етті. Екінші рет сот талапты қанағаттандырмады", - дейді тұрғындар.

Ал Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандары тұрғын үй кешенін салу кезінде мердігер барлық қажетті талапты сақтағанын хабарлады.

"17 шағын ауданда "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС тапсырысы бойынша "Integrated Solutions Group" ЖШС құрылыс салушысы "Maek Kuat Residence" тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады. "Құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы" Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы бұйрығына сәйкес, құрылыс салуға арналған барлық талаптар сақталды. 2021 жылы пайдалануға берілді", - деп хабарлады қала әкімдігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу