Өңірде әлем назарын Астанаға аударған ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін көруге балалар мен оқушылардың қалың тобын жіберу жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды egemen.kz.
Бұл шара оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды түрде ұйымдастыру мәселесі аясында іске асқалы тұр. Халықаралық көрменің жаз айларына, яғни мектеп оқушыларының жазғы каникулы кезіне сәйкес келуі оған облыс жеткіншектерін неғұрлым көбірек жіберуге мүмкіндік береді, - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.
Оның айтуынша, аймақтағы он алты мың оқушы халықаралық "ЭКСПО - 2017" көрмесіне барып, таңдай қақтырып, көз қызықтыратын кереметтерді тамашаламақ. Оның ішінде үш мыңы әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасының балалары, оларға ЭКСПО билеттері тегін, жергілікті қаражат көздері есебінен төленген. Бұл іске өңірдегі қайырымдылық қорлары мен бизнес өкілдерінің қосқан үлестері де қомақты.