"Ақтөбе" футбол клубы сатылмайтын болды

899

Бүгін футболшыларды облыс әкімі жаңа жеңісімен құттықтады.  

"Ақтөбе" футбол клубы сатылмайтын болды

Қазақстанның бес дүркін чемпионы саналатын "Ақтөбе" футбол клубы 28 қазан күні тендер арқылы сауда-саттыққа түсетін болған. Кейін аукцион өтпей қалды. Клубтың баспасөз қызметінің басшысы Әсет Жомарттың айтуынша, ФК сатылмайтын болған, қазір ол бұрынғыша әкімдіктің балансында қалып тұр. Сондай-ақ жергілікті басшылықтың қолдауымен клуб салықтық және басқа да берешектерінен түгел құтылған. Ал Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион клубқа сенімгерлік басқаруға берілген.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық стадионға келіп, биыл футболдан  ҚР-ның Бірінші лигасында чемпион атанған команда ойыншыларын жеңістерімен құттықтады.

"Өздеріңізге белгілі, өткен жылы команда үшін ауыр болды. Дегенмен футболсүйер қауымның ыстық ықыласы мен жанкүйерлердің қолдауының ерекше екенін ескере отырып, атқарушы орган ретінде команданы сақтап қалуға  бар күшімізді салдық. Қолымыздан келгенше қаржыландыру, ұйымдастыру мәселелерін шешуге атсалыстық. Алдағы  уақытта көптеген жеңістермен қуантатын күндер көп болады деп сенемін", – деді Оңдасын Оразалин. Бұдан кейін аймақ басшысы "Ақтөбе" командасының ойыншыларына чемпиондық медальдарды табыстады.

Өз кезегінде "Ақтөбе" ФК басқарма төрағасы Артур Смағұлов пен бас жаттықтырушының міндетін атқарушы  Владимир Зеленовский ел мақтанышына айналған команданы аяғынан тік тұрғызу үшін жасалған жұмыстарға ризашылық білдірді. ФК қаржылық қиыншылықтардан құтылып қана қоймай, спортқа қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі жаңартылыпты.

Шара барысында команда капитаны  облыс әкіміне  футболшылардың қолы қойылған допты естелікке сыйға тартты. Айта кетейік, "Ақтөбе" ФК 60 пайыз жергілікті ойыншылардан құралған.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу