Ақтөбе халқы жалғызбасты әкеге баспана сыйлады

919

Алты баланы асырап отырған мүгедек жігіттің жары жақында дүниеден өткен.  

Ақтөбе халқы жалғызбасты әкеге баспана сыйлады

Ақтөбе жұртшылығы Құрбан айт кезінде Жүсіпқалиевтер отбасына баспаналы болу үшін қаражат жинаған. Содан бергі санаулы күннің ішінде 37 млн. 3500 теңге жиналып, алты баланы бір өзі асырап отырған 46 жастағы мүгедек әке Оразбек Жүсіпқалиев жаңа қонысының табалдырығын аттады.

Жүсіпқалиевтер отбасы бұрын Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Толыбай ауылында ел қатарлы тұрып жатқан еді. Отағасы ауылда мұражай күзетті. Алайда мамыр айында оған үйдің төбесі құлап кетіп, беломыртқасын сындырып алады. Енді оған ота жасатып, емделіп тұру үшін облыс орталығына жиі келу керек болады. Ақтөбеге келіп ота жасатқан күйеуінің жанында болу үшін әйелі де бала-шағасын ертіп қалаға келген. Үйдегі Ақбота, Ханшайым, Бекмұхамбет, Әбілқайырзан, Жанель, Бексұлтан деген ұл-қыздардың алды 6 сыныпқа барады, кенжесі жеті айға енді толып жатыр.

"29 маусымда соңғы тексерістен өтіп, ауылға қайтуға жиналып отыр едік. Сол кезде індеттің өрши бастаған тұсы еді. Әйелімнің екі күн қызуы түспестен ауырып, 1 шілдеде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкетті. Ертеңіне қайтыс болды деген хабар келді. Жұбайым 28 маусымда 34 жасқа толған еді", – деп есіне алады Оразбек Жүсіпқалиев.

Шиеттей балалармен айдалада арбаға таңылып қалған жездесіне жаны ашыған балдызы Нұрия Жұмабайқызы оның жағдайын айтып, көптен көмек сұрайды. Бірінен кейін бірі болған ауыр жағдайлардан бас көтере алмай қалған жазғызбасты әке көптің көмегімен алынған үйіне кіргенде көз жасына ерік беріп, жылап та алыпты.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу