"Ақтөбе" хоккей клубының ойыншылары жолда қалды

881

18 бен 37 жас аралығындағы 28 спортшы отандық жоғарғы лига чемпионатының екінші кезеңі үшін Ақтөбеден Петропавлға жолға шыққан.

"Ақтөбе" хоккей клубының ойыншылары жолда қалды

Жолшылар қар құрсауынан "Ақтөбе" хоккей клубының ойыншыларын құтқарды, деп хабарлайды QazAvtoJol баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 18 бен 37 жас аралығындағы 28 спортшы отандық жоғарғы лига чемпионатының екінші кезеңі үшін Ақтөбеден Петропавлға жолға шыққан екен. Спортшылармен қатар автобуста 2 жаттықтырушы мен 2 жүргізуші болған. Автобус қарға батып, Тимирязево-Сарыкөл-Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы автожолының 27-шақырымында тоқтап қалған. Жүргізуші тасжолдардағы қозғалысқа шектеу қойылғанға дейін жолға шыққан екен.

Естеріңізге салсақ, аталмыш жол учаскесі 5 қаңтар күні сағат 18:30-да ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша жабық болған. Сол күні таңғы алтыда жолға шыққан жүргізуші 1 мың шақырымға жуық жолды жүріп өткен.

"Автобусты қардан шығару үшін автогрейдер мен бульдозер іспеттес арнайы техника жұмылдырылды. Жолда қалған спортшылар үшін Тимирязев ауданының әкімі түскі ас ұйымдастырды",– делінген хабарламада.

Айта кетсек, "Ақтөбе" мен "Қызылжар" хоккей клубтары арасындағы ойын 7 қаңтар күні Петропавл қаласындағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайында өтеді.

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда 653 бірлік техника жұмыс жасауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу