Ақтөбені қалың қар басып қалды. Қазіргі күні шаһарды қардан тазалау және қар шығару жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"Бүгінгі күні қардың көп түсуіне байланысты қала аумағын тазалау үшін 10 мердігер мекеме, 150 арнайы техника, 300 адам күндізгі және түнгі кезекшілікке жұмылдырылды", - деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта мердігерлер тәулік бойы жұмыс істеуде. Бір көшені толық тазарту үшін мекемелер 7 техниканы жұмылдырып, 4 мәрте тазарттырып отыр. Олардың алдына алғашқы кезекте таңертеңге дейін қоғамдық көлік маршруттарының жолдары мен жаяу жүргіншілер аймақтарын ретке келтіру міндеті қойылған.
Белгілі болғандай, қала аумағы 17 учаскеге бөлініп, оның әрқайсысындағы жағдайды қадағалап отыру үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бір кураторы белгіленген. Сондай-ақ, қала қардан түнгі мезгілде де тазартылып, қала әкімінің орынбасары Дамир Кубенов бастап шыққан мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері түнгі кезекшіліктің жұмысына мониторинг жүргізген. Атап айтқанда, Әбілқайыр хан, К.Нокин, Сәнкібай батыр даңғылдары, Ә.Молдағұлова көшесі, Шанхай, 11 шағын ауданы, Ескі қала, Мәскеу ауданы, Ақжар, Кірпішті елді мекендерінің көшелеріндегі жұмыс түнгі мезгілде де тексеріліп отыр.
Құралай Қуатова