Мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жетіп, балл қайта есептеле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде биыл 400-ден астам интерн мемлекеттік емтихан тапсырды. Одан сүрінбей өткендері мен жоғары балл жинағандары резидентураға құжат тапсырып, нақты мамандық таңдай алады.
Ал интерннен соң жұмысқа кірісетіндері жалпы тәжірибелі дәрігер болып, емханада учаске бойынша науқастарға ем жүргізеді. Өз нәтижесімен келіспеген интерндер ойын ашық айтып, қарсылық білдірді.
"7 жыл бойы оқып-тоқыған білімімізді қорытындылайтын емтихан тапсырдық. Барлығы 100 сұрақ берілді. Сұрақтар жалпы тәжірибелі дәрігер деңгейіне сәйкес болды, қиындық тудырмады. Емтихан тапсыруға дайындық бір жыл бұрын басталады, білімімізді тексеру үшін алдын ала сынақ тестілеуден де өтеміз. Біз жақсы нәтижеге қол жеткізетінімізге сенген едік. Бірақ бәріміз 60-70 балл төңірегінде жинадық. Қазақстан бойынша бірнеше медицина оқу орны интерндерінің барлығы дерлік алған балдарымыздың тым аз диапазонда болуы күмән тудырды, өйткені әркімнің деңгейі әртүрлі. Біз өз ойымызды ашық айтып, наразылық білдірдік. Тестілеу нәтижесін қайта қарауды немесе біздің дұрыс емес жауаптарымызды көрсетуді сұрадық. Қазір техникалық қателік кеткенін айтып, интернтердің балы қайта есептеліп жатыр", – деді Марат Оспанов атындағы БҚМУ интерні Гүлжамал Сағидоллова.
Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
"Тест ұпайларына қатысты тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталған соң нәтижесін айтамыз. Егер балл есептеу кезінде қателіктер болса, студент пайдасына шешіледі. Егер төмен бағаның себебі анықталмаса, қайта емтихан тапсыруға сұраныс жіберіледі", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.