Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы әуежайда Республика күні қарсаңында жаңа халықаралық рейсті ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбеден Катар астанасы Дохаға тікелей рейстер тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр.
"Аталған әуе бағыты бойынша рейстерді Airbus A320 әуе кемелері орындайды. Ұшақтар жұма күндері аптасына бір рет ұшады. Ұшу уақыты 4 сағат 40 минутты құрайды. Рейстер осы жұмада, 27 қазанда басталады. Бұл рейстің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықтың дамуына оң әсер етеді", делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2 қарашада Ақтөбеден Пхукетке (Таиланд) рейстер жаңартылады. Сондай-ақ Үрімші мен Ташкентке рейстерді ашу, Мәскеу, Қазан, Баку және Тбилисиге рейстерді қайта бастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.