Ақтөбе мен Орынбор облысы арасындағы автожол ашылды

1160

Ақтөбе мен Орынбор облысы арасындағы автожол ашылды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Ақтөбе облысы мен Орынбор облысы арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуда маңызы зор автожолдың ашылуына қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Мемлекет басшысының бастамасымен Қытай, Қазақстан мен Ресей аумағындағы ірі жоба - ұзындығы 8500 шақырым  Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Оның 2800 шақырымы Қазақстан аумағында, 2200 шақырымы Ресей Федерациясы жерінде орналасады. Бүгін біз Еуропа мен Азияны байланыстыратын,  аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген ниетпен үлескіні ашып отырмыз. Жол Орынбор және Ақтөбе облыстарының арасындағы онсыз да тығыз және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға қосымша ынталандыру болмақ. Осы жылдың 8 айында, өңірлер арасындағы сауда өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 3 есе көп болды. Арадағы сауда айналымы $ 171,8 млн АҚШ долларын құрады",- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы бүгінгі күні Ақтөбе-Орск автожолының күрделі жөндеуі жалғастырылып жатқанын айтты. Бұдан басқа, Ақтөбе тарапы Жиренқопа ауылынан Соль-Илецк қаласы арқылы өтетін жолды жөндеуді бастамақ.

Аталмыш жобаның да маңызы зор. "Жиренқопа-Первомайское"  бақылау-өткізу пунктінің тұрақты жұмыс жасауы 100 мыңға жуық тұрғыны бар 4 ауданның халқы үшін Ресей Федерациясының шекарасына 111 шақырымға дейін транзиттік көлік жолдарын қысқартып, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Ақтөбе және Орынбордың бірнеше аудандарының арасындағы өзара сауда көлемін арттырады. Күніне 1000 автокөлікке дейінгі жүк қозғалысы жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу