Ақтөбе облысында еріген қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндірді

340

Қауіптің алдын алу жұмыстарына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 20982 әскери бөлімінің 50 қызметкері жұмылдырылды. 

Ақтөбе облысында еріген қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндірді Фото: видео скриншот

 

Сондай-ақ, 4 техника жіберілген. Олар су келетін бағытқақұм толтырылған қапшықтар төсеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. Түні бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су деңгейі едәуір түсті. 

"Темір ауданына 200 тонна инертті материалдар төгілді. Одан бөлек судың бағытына 4 мың қапшық қойылды. Байғанин ауданына 20 тонна инертті материалдар түсірілді. 627 қапшық төселді. Жағдайды бақылап отырмыз", - деді Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сәбит Молдақараев.

Байғанин ауданында да жағдай күрделі. Қарауылкелді ауылында еріген қар суы бірнеше көшемен ағып жатыр. 9 үйдің ауласына су кірген. Тасқынға қарсы жұмыстарға Төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылған. Ойыл, Мәртөк, Қобда, Әйтеке би аудандарында да су сору жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Жағдайды бақылау үшін ҚР ТЖМ вице-министрі, генерал-майор Е.С.Нұрпейісов пен облыс әкімінің орынбасары А.Е.Есенбаев Темір ауданына арнайы барды. Бүгін түстен кейін жағдай қайта қиындауы мүмкін. Өйткені, синоптиктердің болжамынша облыс аумағында жаңбыр жауады. Қазір өңірде бірнеше ауылға қатынас жоқ. Байғанин ауданындағы үш ауылға баратын жолдағы көпірді тасқын бұзып кетті.

Әйтеке би ауданының Талдық ауылына баратын жолды да су шайып кеткен. Жауаптылар судың деңгейі түскеннен кейін жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу