Ақтөбе облысында бірінші жарты жылдықта өңірде жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 10 кәсіпорын жаңғыртылған. Олардың қатарында "Восход-Oriel" ЖШС, "КМК Мұнай" АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, "Энергосистема" ЖШС, "АЗХС" АҚ бар, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мемлекет басшысының экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуы бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуы талқыланды.
Өндіріс орындарын жаңғырту еңбек өнімділігін 9%, яғни 9 АҚШ долларынан 9,8 АҚШ долларына дейін арттыруға, жарақат алу қаупін 5% төмендетуге, өндірудің өзіндік құнын төмендетіп, өнімді қайта өндіруді 2% азайтуға, сонымен қатар, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге ешбір жұмыс орны қысқартылмады.
Осы жылдың соңына дейін тағы 10 кәсіпорын жаңғыртылмақ. Жалпы алғанда, жақын арадағы бес жылда Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарды жалпы құны 400 млрд. теңгеге жаңғырту жоспарлануда. Соның ішінде, кен игеру, металлургия, химия өнеркәсіптерінің, машина жасау саласының және т.б. кәсіпорындарын.
"Өндіріс орындарын жаңғырту өнімді неғұрлым бәсекеге қабілетті етуіне және әлемдік нарықта экспортқа бағдарлануына мүмкіндік береді. Әлемнің 50 еліне жеткізілетін ақтөбелік өнімнің экспортын 3,2 млрд. АҚШ долларына дейін арттыру жоспарда бар",-деп атап өтті Қ.Бекенов.
Бұдан өзге, өңірдегі "Қазхром", "АРБЗ", "АМК" секілді ірі кәсіпорындармен 4.0индустрияландырудың элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін шығарылатын өнім қосымша артып, өндірістік-басқару технологиясы жаңа деңгейге көтерілетін болады.
"Біз елбасы тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қолданып, әлемнің 30 дамыған елдері қатарына кіруіміз қажет. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуін бақылап отырулары тиіс. Ғылыми мекемелермен және ғалымдармен неғұрлым тығыз жұмыс жасау керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті өнім шығаратын боламыз,-деп сөзін түйіндеді жиын соңында Б.Сапарбаев.