Ақтөбе облысында "Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын" автожолының 28 шақырымдық бөлігі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұрын екі жолақты болған жол енді төрт жолаққа кеңейтілді.
Ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – жолақ санын көбейту ғана емес, ең алдымен жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау.
"Біз үшін ең маңыздысы – қанша шақырым жол салғанымыз емес, сол жолдың халық үшін қаншалықты қауіпсіз әрі қолайлы болғаны. Былтыр осы бағыттағы алғашқы екі жолақпен қозғалысты ашқан едік. Бүгін төрт жолақтың барлығы пайдалануға беріліп отыр. Қарама-қарсы бағыттағы көліктер енді бөлек жүреді. Бұл күн сайын жеңіл және ауыр жүк көліктері қатынайтын халықаралық жол үшін аса маңызды. Алда осы бағыттағы қалған бөліктерді жаңғырту міндеті тұр. Біздің мақсатымыз – 262 шақырымның өн бойында осындай қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету", – деді Дархан Иманашев.
Жаңартылған учаске халықаралық маңызы бар "Самара – Шымкент" көлік дәлізінің бойында орналасқан. Жолдың 791–819 шақырым аралығындағы бөлігі I техникалық санатқа ауыстырылды. Енді көліктер әр бағытта екі жолақпен қозғалады. Қарама-қарсы бағыттағы ағындар бөлінгендіктен, жол-көлік оқиғаларының, соның ішінде бетпе-бет соқтығысудың қаупі азаяды.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, құрылыс барысында 3,66 млн текше метр жер жұмыстары жүргізіліп, екі көпір, екі жол өтпесі және екі көлік айрығы салынды. Сонымен қатар мал айдап өткізуге арналған бес өткелді қоса алғанда, 46 су өткізу құрылысы тұрғызылды.
Жұмысқа 490 маман мен 380 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды. Құрылысқа 1,4 млн тоннадан астам қиыршық тас пен 14 мың тонна битум пайдаланылды.
Пайдалануға берілген учаске – жалпы ұзындығы 262 шақырым болатын "Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын" автожолын қайта жаңғырту жобасының бір бөлігі. Жоба аясында жолды кезең-кезеңімен төрт жолақты етіп кеңейтіп, I техникалық санатқа ауыстыру жоспарланған. Қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Жолдың жаңғыртылуы көлік өткізу қабілетін арттырып, өңіраралық және халықаралық жүк тасымалын жеңілдетуге мүмкіндік береді.