Ақтөбе облысында 32 су қоймасы салынады

1018

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды.  

Ақтөбе облысында 32 су қоймасы салынады

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндама жасады.

"Ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор, алайда, осы саланың өңір экономикасына қосатын үлесі 5%-дан да кем. Алдымызға бірқатар пәрменді мақсат қойып отырмыз. Ірі қара мен ұсақ мал басын 2025 жылға қарай үш есе көбейтеміз. Яғни ірі қара малды 464 мыңнан 1,4 милионға дейін жеткізу, ұсақ малды 1,1 милионнан 3,4 милионға дейін көбейту, сондай-ақ облысқа 440 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал басын әкелу және үш жыл ішінде құс еті тапшылығын жою жоспарымызда бар. Қазіргі таңда кәсіпкерлеріміз Ресейге, Өзбекстан мен Иранға ет өнімдерін экспорттауда. Келешекте экспорт көлемін айтарлықтай ұлғайтып, Біріккен Араб Әмірлігі сынды басқа мемлекеттерге де жеткізетін боламыз",- деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысында су ресурстарының әлеуетін арттыру айырықша маңызға ие екенін айтты.

"Осындай жоспарды үдемелі қарқынмен іске асыру үшін, малға қажетті жем-шөп дайындау қажет. Осы мақсатта облыстың су ресурстарының әлеуетін арттыруға мүдделіміз. Облыстағы суармалы жер көлемін 3,5 есеге немесе 100 мың гектарға кеңейу керек. Қазіргі таңда өңірдің су ресурсы 2,2 млрд шаршы метр, сол себепті 32 су қоймасын саламыз. Кемінде 10 су қоймасының құрылысына Үкімет қолдау көрсетеді. Қалған 22-сін жергілікті бюжет күшімен салынамыз. Осылайша, ауыл шаруашылығы мен өндірісті қатар дамытамыз", - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, Ақтөбе облысында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды өсім бар. Өнеркәсіп өсімі 5,3% құрады. Өңір экономикаға тартылған инвестицияның көлемі жағынан көш басында тұр, жыл соңына дейін 600 млрд. теңге тарту жоспарда бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. 2024 жылға қарай тартылатын инвестиция көлемі алдын ала болжам бойынша 2,7 есе көбейіп, 1,6 трлн. теңгеге жетеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу