Ақтөбе облысында 36 елді мекенді су басу қаупі бар

379

Бұл аумактарда 11 мыңнан аса адам тұрады. 

Ақтөбе облысында 36 елді мекенді су басу қаупі бар Фото: Әзиз Жанұзақ

Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірге алдын алу шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы уақытқа дейін 21 елді мекенде тасқынға қарсы жұмыстар жүргізіліп, қауіп сейілді. Облыстың азаматтық қорғау қызметінде 1 638 адам бар. Сондай-ақ, 350 техника, 66 жүзу құралы мен 232 мотопомпа сақадай сай тұр.  Жанар-жағармай мен инертті материалдардың қоры жеткілікті.

"Көктемгі су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауды және нақты шешімді талап етеді. Біз су тасқынының алдын алу үшін әкімдіктермен бірлесіп әрекет ететін боламыз",  - деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Өңірде 2017 жылы тасқын болып, жүздеген ауланы су басқан еді. 95 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Бұл жағдай былтыр да қайталанды. Қобда мен Ойыл аудандарында ондаған баспана суға кетті. Биыл да қар көп, тоң қалың. Сондықтан, қауіптенуге негіз бар. Қазір облыс орталығының өзінде де қар шығару жұмыстарын қарқынды жүріп жатыр. Шаһар басшысының айтуынша, арықтар мен каналдар да мұздан тазартылады.

"Бұл жұмыстарға арнайы бригадалар, мердігер мекемелер жұмылдырылды. Көктемгі су тасқынына қарсы атқарылатын с-шараларға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлініп, конкурс арқылы мердігер мекеме анықталды. Аталған қаржының 50 пайызы су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмсалса, 50 пайызы еріген қар және жаңбыр суын сорғылау жұмыстарына бөлініп отыр", - деді Азамат Бекет.

Қала шетіндегі саяжайларға да қауіп бар. Өйткені, олардың көбі өзендерді жағалай орналасқан. Бұл аумақтарда он мыңдаған адам тұрып жатыр. Дәл санын әкімдік өкілдері де білмейді. Өйткені, көп үйлердің құжаты жоқ. Сондықтан, бірінші кезекте осындағы халықтың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу