Ақтөбе облысында 500 мың гектар жер қайтарылуы тиіс

742

Қазіргі күні оның жартысы мемлекет меншігіне өтті.        

Ақтөбе облысында 500 мың гектар жер қайтарылуы тиіс

Ақтөбе облысында мақсатты пайдаланылмаған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жалғасуда. Мұндай жерлердің жалпы көлемі 500 мың га деп белгіленіп отыр, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазіргі күні аталған ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесінің 234,7 мың гектары қайтарылған, бұл 46,9 пайыз көрсеткішті құрайды. Сондай-ақ, өңірде 10,6 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек. Дұрыс жаратылмай отырған жерлердің ішінде, әсіресе, суармалы жерлердің бос тұруы өзекті мәселеге айналып отыр. Атап айтқанда, Қарғалы және Хромтау аудандарындағы осындай 892 гектар жердің құлазып жатқанына жаның ауырады.

Айта кетейік, тиімді жаратпағаннан жапа шегетін жер проблемасы аймақ үшін қай кезде де өткір тұр. Осындай маңызды мәселе биыл да облыстық әкімдікте талқыға түсті. 

"Егер жерді игеруге миллиондар жұмсалып, нәтижесі болмаса – бұл кем дегенде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы. Егер жағдайды түземесеңіздер кем дегенде тәртіптік жауапкершілікке тартыласыздар",- деген облыс басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің жердің мақсатты жаратылуына "бастарымен жауап беретінін" қадап айтты. 

Бұдан өзге, жиын барысында жаңа гидротехникалық ғимараттарды түгендеу және іске қосу сұрақтары қаралды. Бүгінде облыста 172 гидротехникалық ғимарат бар. Былтырғы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 40 бөгет жөндеуді қажет етіп тұр. Былтыр оның екеуі жөнделген, екеуі биыл қолға алыныпты. Ал 8 гидротехникалық ғимарат күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу