Ақтөбе облысында 79 ауыл әлі күнге дейін интернетсіз отыр

382

Өңірдегі 15 мектеп те сапалы байланысқа қол жеткізе алмай келеді.  

Ақтөбе облысында 79 ауыл әлі күнге дейін интернетсіз отыр Фото: Inbusiness.kz

Тұрғындар саны жүзге жетпейтін ауылдар мобильді байланысты әзір армандамаса да болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. Өйткені, мұндай елді мекендерге тек Wi-Fi  роутерлері ғана орнатылуы мүмкін. Оның өзін тұрғындардың қашанға дейін күтетіні белгісіз. Ауылдарды былай қойғанда,  соңғы кезде облыс орталығының өзінде байланыс сапасы нашарлаған. Әсіресе, "Алтын орда", "Есет батыр" деп аталатын аудандарда тұратын халықтан шағым көп.

"Мен "Есет батыр" ауданында тұрамын. Бұл жақта байланыс өте нашар. Әлеуметтік желілердің өзіне әрең кіреміз. Қаланың қақ ортасында тұрсақ та, интернет сапасы кейбір ауылдардан да нашар. Тіпті, кей кезде телефонмен балконға шығып сөйлесеміз. Әйтпесе, байланыс үзіліп кетеді", - дейді, Болатбек Аманғосұлы есімді тұрғын.

Облыстық Цифрлық даму басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарындағы интернет жылдамдығын арттыруға мән беріліп жатыр.

"Қазіргі таңда 236 ауылда мобильді интернет бар. 2024 жылы 47 ауылды  қосу жоспарланып отыр. Осылайша, халық саны жүз адамнан асатын барлық елді мекенде байланыс болады. Ақтөбе қаласы бойынша биыл 5G стандартымен 24, 4G стандарты бойынша 100-ден астам станса орнатылады. Қала аумағындағы Жаңақоныс-3,Жаңақоныс-4, Бекқұл баба, Шилісай, Белогор, Украинка, Ақшат, және Сарбаз елді мекендерінде де байланыс сапасы жақсарады", - деді басқарма басшысы.

 Жауаптылардың айтуынша, биыл  37 білім беру мекемесіндегі байланыс сапасын жақсартуға да қаржы бөлінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу