Ақтөбе облысында 8-сынып оқушысын ұрып өлтірген студенттерге сот үкімі шықты

391

Ақтөбе облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мектеп оқушысын ұрып өлтірген студенттерге қатысты үкім шығарды.

Ақтөбе облысында 8-сынып оқушысын ұрып өлтірген студенттерге сот үкімі шықты Фото: Бейнежазбадан

Кінәлілердің бірі 9 жылға, екіншісі 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот мәліметінше, 2024 жылдың 11 сәуірінде Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті Қ. оқу орнының еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларын жинаған.

"Ол сол күні кешкі жаттығудан кейін 8-сынып оқушыларына мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бөлмесіне жиналу керегін айтқан. Оларды жинауды Ж.-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған. Ж. сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинаған. Сөйтіп, аталған бөлмеге Қ. келіп, оқушыларды бір сапқа тұрғызып, моральдық және физикалық тұрғыдан қысым көрсеткен. Жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтқан. Ж.-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұруға нұсқау берген", – делінген сот мәлімдемесінде.

Сот мәліметінше сотталушы Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.-ға 8-сынып оқушыларын жәй ұрғандарын айтып, қаттырақ ұруды талап еткен.

"Екі оқушы 8-сынып оқушыларын қайта ұрып шыққан. Кейін, Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, оның екі бетінен алақанымен ұрып, екі иығынан ұстап, оң тізесімен төс бөлігіне соққы жасаған. Оқушының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, жерге құлап, қайтыс болған", – делінген хабарламада.

Сот отырысында прокурор сотталушы Ж-ны 6 жыл 8 айға, Қ-ны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Ал олардың қорғаушылары Қ.-ні ақтауды, ал Ж.-ның қылмыстық әрекеттерін қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігіне (Абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.

Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілердің, куәлардың, сарапшының, маманның жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейне-жазбалармен, заттай дәлелдемелермен расталды.

Сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын соңды сотталмағанын ескерді. Сотталушы Ж.-ның кәмелеттік жасқа толмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сондай-ақ, сот кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру – он жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы керегін айтты.

Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оны 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Ал Ж. кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу