Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы "Алан" базары бүгін жанып кетті. Ол жайлы Мұғалжар ауданы өрт сөндіру бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті уақытпен сағат 05.48-де хабарланған. Жедел жеткен өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері бір қабатты "Алан" жабық базарының алдын ала болжаммен 700 шаршы метр аумағы жанып жатқанын анықтайды. "Ғимараттың жалпы ауданы 900 шаршы метр. Өрт сағат 10.25-те жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Себебі анықталуда. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды", - деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаментінен.
Белгілі болғандай, тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндіру бөлімінің 18 қызметкері мен 3 техникасы, Алға ауданынан 5 қызметкер, 1 техника, Ақтөбе қаласынан 9 қызметкер, 2 техника жұмылдырылған. Өртті сөндіруге бес сағат кеткен.
Құралай Қуатова