Ақтөбе облысында ауқымды 14 археологиялық зерттеу жүргізілмек

795

Ақтөбе облысында 2023-2025 жылдарға арналған өңірдің мәдени мұрасын зерделеу, сақтау, жаңғырту және дәріптеу жөніндегі жол картасы бекітілді.  

Ақтөбе облысында ауқымды 14 археологиялық зерттеу жүргізілмек Фото: gov.kz

Құжатта 14 ауқымды археологиялық экспедиция жүргізу көзделген, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар археологиялық және этнографиялық кешенді зерттеулердің өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, жетекші мамандар, Қазақстан, Түркия, Моңғолия және Венгрия ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мәселелерді зерттеуге және жариялауға көп көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.  Бүгінгі конференция – Ақтөбе облысындағы үлкен археологиялық экспедицияға алғашқы қадам. Тарих туралы деректермен дәлелді сөйлеудің, оған ғылыми тұрғыдан қарайтын уақыт келді. Біз өз тарапымыздан ғалымдарға, олардың жаңа технологияларды қолдана отырып жұмыс істеуіне барлық жағдай жасаймыз", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Экспедициялардың негізгі бағыты – ғұндар дәуіріндегі ескерткіштерді зерттеу. Жұмысты Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары үйлестіреді.

"Археологиялық тұрғыдан қарар болсақ, Ақтөбе облысының аумағы әртүрлі ескерткіштерге бай, біркелкі зерттелмеген. Ұзақ уақыт бойы Ақтөбе өлкесінің далалары ғұндар дәуірінде қаңырап бос қалды деп саналды. Соңғы археологиялық зерттеулер басқаша дәлелдер келтіреді. Ендігі зерттеу жұмысы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, еліміздің батыс өңірінің мұрағаттары да зерделенетін болады. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталды", - деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы.

Соңғы 5 жылда жергілікті зерттеушілердің күш салуының арқасында Ақтөбе облысында ғұн дәуіріне тиесілі 400-ге жуық археологиялық ескерткіш ашылды. Бұл ретте облыстың тек үш ауданының аумағы зерттелді. Радиокөміртекті талдау нәтижелерді сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді.

"Соңғы жылдары облыс аумағында табылған ғұн тайпаларының көптеген ескерткіштеріне кең ауқымды зерттеулер жүргізу, сондай-ақ жаңаларын іздеу біздің жерлерімізді әртүрлі тарихи кезеңдерде мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге жаңа серпін береді", - деді белгілі археолог Зейнолла Самашев.

Жоба шетелдік ғалымдармен ынтымақтастықта іске асырылатын болады.

"Барлығын ғұндардың көші-қоны мәселесі қызықтырады. Жаңа деректерді ескере отырып, ғұндардың батыстағы астанасы қазіргі Ақтөбе қаласының аумағында орналасқан деп болжауға болады. Бұл әбден мүмкін. Біз зерттеулерге жан-жақты көмек көрсетеміз", - деп сендірді Стамбулдағы Yeditepe университетінің профессоры Ахмет Ташағыл.

Табылған артефактілерді зерттеуде Венгрияның жаратылыстану ғылымдары мұражайы да көмектеседі.

"Біздің халықтардың арасында көптеген ұқсастық бар және мәдениетіміз бен тарихымызды зерттеу, насихаттау ортақ міндет деп санаймыз. Бұл біздің ақтөбелік әріптестерімізбен бірлескен алғашқы жобамыз емес. Генетикалық, антропологиялық талдау, табылған қалдықтарды қалпына келтіру жоспарына қатысуға дайынбыз. Ынтымақтастықты жалғастыратынымызға қуаныштымыз", - деп атап өтті Венгрия жаратылыстану ғылымдары мұражайының антропологы Андрас Биро.

Айта кетейік, Андраш Биро – Әбілқайыр ханның келбетін генетикалық талдауға және қайта құруға қатысқан ғалымдардың бірі.

Дөңгелек үстелден бөлек, облыс әкімі мен шара қонақтары облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорындағы этнографиялық коллекциялардан жасақталған "Бабадан қалған аманат" атты жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуына қатысты.

Экспозицияда Айшуақ сұлтан, Жаяу Мұса, Шоқан Уәлиханов, Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев сияқты және т.б. белгілі тарихи тұлғалардың көне тұрмыстық заттары, киімдері мен әшекейлері, жеке заттары қойылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу