Ақтөбе облысында балалар үйі жабылды

2842

Тек өткен жылы облыста 128 бала отбасын тапты, оның ішінде 85 бала – қамқорлыққа және қорғаншылыққа, 26 бала патронаттық тәрбиеге алынды, 17 баланы асырап алды.

Ақтөбе облысында балалар үйі жабылды

Ақтөбе облысында биылғы қаңтар айында жалғыз балалар үйі жабылды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Бұл балалар үйінің тәрбиеленушілері санының күрт төмендеуіне байланысты. Тек өткен жылы облыста 128 бала отбасын тапты, оның ішінде 85 бала – қамқорлыққа және қорғаншылыққа, 26 бала патронаттық тәрбиеге алынды, 17 баланы асырап алды.

Ақтөбеде жетімдіктің алдын алу, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау мақсатында "Аяла" орталығы ашылды. Онда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының 19 тәрбиеленушісі мен "Алға" балалар үйінің 14 тәрбиеленушісі орналасқан.

"Балалар – Қазақстанның болашағы, сондықтан біз, үлкендер, сіздерді лайықты тәрбиелеп, дамыту үшін бәрін жасауымыз керек. Біздің облыста барлық шаралар қабылданып жатыр. 2018 жыл "Бақытты бала" жылы болып жарияланды. Сіздер ата-анасыз қалғандарыңыз үшін кінәлі емессіздер. Бірақ сіздер өздеріңіздің қатарластарыңыз секілді жақсы тәрбие мен білім алуға талпынуларыңыз керек. Егер сіздер жақсы оқып, спортпен, өнермен айналыссаңыздар, тәрбиелі болсаңыздар, өмірде міндетті түрде өз орындарыңызды тауып, Қазақстанның лайықты азаматы боласыздар. Біздің мақсатымыз – сіздерге барлық жағдайды жасау. Болашақта бірде-бір бала мемлекеттің қамқорлығынсыз және қолдауынсыз қалмауға тиіс", – деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев орталықтың тәрбиеленушілерімен кездесу барысында.

Облыс әкімі мекемеге спорттық жаттығу жабдықтарын сыйлап, балаларға сыйлықтар мен тәттілер табыс етті.

Орталықта балаларды тәрбиелеуге және оқытуға, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға және медициналық, психологиялық қолдау көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Балаларға мамандық таңдауда, өз бетінше өмір сүруге дайындалуда педагогтар мен психологтардың  көмегі көрсетіледі. Орталыққа 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылданады.

2017 жылы Ақтөбеде "Сәби" қайырымдылық қорының қаражатына салынған "Мейірім" әлеуметтік бейімдеу орталығы өз жұмысын бастады. Бүгінде Қазақстанда баламасы жоқ кешенде балалар үйінің 16 мен 29 жас аралығындағы 102 түлегі тұрады және сонда жұмыс істейді. 3 гектар жер теліміне алаңы 43 шаршы метр болатын, жаңа жиһаздармен және қажетті коммуникациялармен жабдықталған жайлы пәтрелері бар төрт екі қабатты тунхаус салынған.

Кешен аумағында оқу-өндіріс алаңдары, шаштараз, гүл дүкені, жылыжай, етік жөндеу және тігін цехтары бар. Ол жерлерде тәрбиеленушілер кәсіпке оқытылып, еңбекақыларын ала отыра жұмыс тәжірибесінен өтеді және еңбек ете алады. Инвестор жобаны жүзеге асыру үшін 1,4 млрд теңге бөлген.

Сондай-ақ, "Бақытты бала" өңірлік жобасы аясында былтыр жергілікті биліктің қолдауымен 136 жетім бала баспаналы болды.  Кәсіпкерлер ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тұрғын үй жинақ шотына 80 млн теңгедей аударды.

Бүгінде облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған барлығы 1011 бала бар. Олардың 799-ы қамқорлықта және қорғаншылықта, 106 бала патронаттық тәрбиеде, 106 бала отбасы типіндегі немесе басқа да балаларға арналған мекемелерде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу