Учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін өңірде жаңа учаскелер ашылып жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Облыста бір учаскелік дәрігерге 2200 адамнан келеді. Бұл туралы ілеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова мәлімдеді.
Оның сөзінше, учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін өңірде қосымша 23 жаңа учаске ашылады. Сол кезде бір учаскеге 1500 адамнан келетін болады.
"Адам саны азайып кеткеннен учаскелік дәрігердің жалақысы төмендемейді. Керісінше, адамдарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге дәрігердің уақыты болады. Оның үстіне учаскесінде бала өлімі, ана өлімі, туберкулез, қатерлі ісігі асқынып кеткен адам тіркелмесе, онда оған бонус беріліп, қосымша ақы төленеді. Одан бөлек, бас дәрігер үнемделген ақшаның арқасында жақсы жұмыс істеген учаскелік дәрігерге сыйлықақы төлей алады", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.