Ақтөбе облысында кене шағу қаупі жоғары аймақтар анықталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Жыл басынан бері 109 адамды кене шаққан. Олардың бәрі медициналық бақылауға алынды, жағдайлары қалыпты.
Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Олар өзен маңындағы жайылымдарда орналасқан. Өткен жылы кенеден – 13, кеміргіштен 2 қоздырғыш табылды.
Департамент пен Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарындағы туляремияның табиғи ошағында орналасқан 31 елдімекеннің айналасында дератизациялау және дезинсекциялау жұмыстарын 23-сәуірден бастаған болатын. Қазіргі таңда Ойыл ауданында улау жұмыстары аяқталды, ал Қобда ауданында залалсыздандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұдан кейін Ырғыз ауданында улау басталады.