Ақтөбе облысында биыл 805 мың гектарға егіс егіледі. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мәлімдеді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, биыл 805 мың гектар алқапқа егіс себу, соның ішінде 451 мың гектарға – дәнді, 50 мың гектарға – майлы, 292,3 мың гектарға – мал азықтық дақылдарды және 6,2 мың гектарға картоп пен 5,5 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдарын егу жоспарланған.
"Былтырмен салыстырғанда егіс алқабы 10%-ға немесе 73,7 мың гектарға ұлғаяды деп күтіліп отыр. Егістік аумақтардың жалпы құрылымында дәнді дақылдардың үлесі – 56%, мал азықтық дақылдар – 36,3%, майлы дақылдар – 6,2% құрайды. Осы мақсатта 39,8 мың тонна тұқым дайындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарын минералдық тыңайтқыштармен және гербицидтермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. 340 мың гектар егістік алқабын өңдеу жоспарлануда", – деп атап өтті ол.
Көктемгі егіс жұмыстарына 5608 бірлік трактор, 81 бірлік егіс кешендерін, 2274 тұқым сепкіш пен 1338 бірлік топырақ өңдейтін техникаларды іске қосу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 8500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, арзандатылған дизель отынын босату құны наурыз айында литрі 169,5 теңгені құрайды.