Биыл Ақтөбе облысының Қобда ауданында бадана, жержаңғақ және ноқат дақылдары алқабын 6 гектардан 50 гектарға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет "Ақтөбе ақпарат" ақпарат орталығында өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
Жалпы аудан әкімінің айтуынша, 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 4361 гектарға дейін артып, 28,6 мың гектарға жетеді. Сонымен қатар 2016 жылы 85,8 мың гектардан астам игерілмеген ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік қорға қайтарылды. Жаңа шаруа қожалықтарына 166 мың гектарға жуық жер берілді.
Аудан әкімі сонымен бірге, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға да жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін ауданда 13 өндірістік кооператив ашылды. 2017 жылдың соңына дейін тағы 7 әлеуметтік корпорация ұйымдастырылады.