Ақтөбе облысында цемент зауыты салынады

1688

Құны 101 млрд теңге болатын цемент зауыты Байғанин ауданында салынады.

Ақтөбе облысында цемент зауыты салынады

Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 1,8 млн тонна болатын цемент зауыты салынады. Бұл туралы "Ақтөбе" ӘКК ҰК АҚ-ның басшысы Әнуар Маханов мәлімдеді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, "Ақтөбе"  ӘКК Ақтөбе агломерациясының даму келешегі мен өңірді құрылыс материалдарымен, атап айтқанда цементпен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, DalHolding Investment Company түрік компаниясымен жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізді. Құны 101 млрд теңге болатын цемент зауыты Байғанин ауданында салынады.

"Қазіргі уақытта "Ақтөбе Цемент" ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылып, жол картасына қол қойылды. Құрылыс-монтажтау жұмыстары 2019 жылдың сәуір айында басталады. ӘКК мен DalHolding Investment Company  арасындағы ынтымақтастық барысында индустриялық аймақта металл құрылымдарын өндіру және "Батыс"  және  "Мәскеу" шағын аудандарында жиынтық қуаты 200 МВТ болатын екі ГПЭС салу үшін тағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жетті", – деді Әнуар Маханов.

Сондай-ақ, "Ақтөбе" ӘКК-нің қатысуымен іске асырылатын жобалар қатарында – блоктық-модульдік және блоктық-қаңқалы мұнай-газ кәсіпшілігі жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы да бар. "УфаНефтеГазМаш"  ЖШҚ инвестицияларының сомасы 15 млрд теңгені құрайды.

Қоршаған ортаның қатты тұрмыстық қалдықтармен ластануына байланысты өзекті мәселелердің бірін шешу үшін "Ақтөбе" ӘКК акционерлік қоғамы "Creative Energy" ЖШС компаниясымен меморандумға қол қойды, оның шеңберінде Ақтөбе қаласында "Қатты тұрмыстық қалдықтар өңдеу жөніндегі энерготехнологиялық кешен"  инвестициялық жобасы іске асырылмақ.

"Жоба барлық экологиялық талаптарға жауап беретін болады, оның бірегейлігі пайдаланып тастаған шикізатты әрі қарай жағып, отын түрінде пайдаланатын қазіргі заманғы технологиялық жабдықты қолдануда. Жобаның құны 33 млрд теңгені құрайды", – деп қорытындылады спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу